М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері Елбасы кітапханасында

2019 жылдың 9-10 қазан күндері ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты республикалық жастар семинар-тренингі өтті. Семинар-тренингке М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Дария Қожамжарова бастаған 25 студент жастар қатысты. Университеттен барған делегаттарды ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов арнайы қабылдап, өз сөзінде Елбасы еңбегіне ерекше мән беріп,  жастарға жан-жақты талдап-түсіндірді. Семинар-тренингке Шымқаладан барған жастар бұл жиыннан ерекше әсер алып, өзіндік танымын қалыптастырды. Елбасының еңбегінің ересен жемісін көріп, көрмеге қойылған кітаптармен танысып, елімізге деген патриоттық сезімі артты. Тың көзқарасы, жаңа заманға сай бейімделген шығармашыл тұлғаның болашаққа деген нық сенімі беки түсті.

Жиында сөз алғандар Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлт  тарихының  ең  бір күрделі кезеңінде ел басқарған ұлы тұлға екендігіне тоқталып, өткен ғасырдың 90-жылдары алып Кеңестік қызыл империя тарқаған уақытта ел тізгінін қолға алған көрегендігіне ерекше мән берді. Кеңестік саяси жүйенің бәрі құрдымға кетіп, экономика шатқаяқтап, ортақ ақшадан ажырап, идеология, мәдениет, білім барлық сала атаулы ақсап, ел еңсесі түскен уақыт еді. Оның бәрі айтуға ғана оңай нәрселер. Осындай қиын-қыстау жағдайда  ел ішін реттеп, оның болашағын болжап, алға сүйрейтін тұлға қажет еді. Осындай ауыр миссияны  Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев  өз мойнына алып абыроймен атқарғанын жан-жақты ашып көрсетті. 

Елбасының мемлекетіміз үшін жасаған ұлы еңбектері - жас ұрпақтың алдындағы жарқын бағдары. Оның жемісін көретін уақыт алда. Жастар семинар-тренингтің нәтижесінде Елбасы еңбектерінен өздеріне жасалып жатқан қамқорлық пен берік қолдауды анық сезініп, елімізді көркейтіп, абыройын асқақтатуда зор еңбек ету керектігін терең түсінді. Әсіресе, Қазақстанның ғылым саласын дамытып, еліміздің ғылыми потенциалын арттыру керектігін сезінді.  Ғылымның әр саласынан жаңалық ашып, тарихымыздың зерттелмей жатқан беттерін, Ұлы даланың сан қырын бүкіл әлемге терең танытатын кез жеткенін түсінді. Іс-шара соңында барлық қатысушы-делегаттарға арнайы сертификат пен Елбасы еңбектері табыс етілді.