|
|
Манчестер Метрополитен Университетінің өкілдері
01.12.2009 17:18
|
26 қараша күні Манчестер Метрополитен Университетінің өкілдері Анжела Перс пен Крис Томас Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінде болды. Оқу орнында болған меймандар оқу үрдістері жөнінде оқу орнының басшылығымен болып, пікір алмасты.
Бұл күндері М.Әуезов атындағы ОҚМУ халықаралық білім стандартына сай маман даярлау ісін қолға алды. Соның бір дәлелі ретінде Манчестер Метрополитен Университеті арасындағы келісімге сай енді біздің студенттер Англияның жоғары оқу орнында, ал ондағы студенттер Шымкентте білім алуына мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ екі университеттің оқытушылары да бір-бірімен орын алмасып, озық тәжірибелерді үйренетін болады.

Халықаралық талапқа сай білім беру ісі негізінен тоқыма индустриясы мен жеңіл өнеркәсібі мамандықтарын қамтиды. Өйткені елімізде тоқыма кластерін дамытуға байланысты құрылған "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағына білікті де білімді мамандар қажет. Екі елдің жоғары оқу орындары былтыр жасалған келісімге сай ең алдымен осы мамандықтарға күш салады. Бірлесіп жасаған жобаның тең жарты шығынын ағарту және зерттеулер саласындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі Британ Кеңесі қаржыландырады. Жобаның жылдық құны 15 мың фунт стерлинг.
Кездесу барысында Манчестер Метрополитен Университетінің өкілі Анжела Перс " Менің ойымша сіздердің оқытушыларыңыз бен студенттеріңіздің білім дәрежесі өте жоғары. Біз енді бірлескен түрде қазақстандық білім жүйесін Еуропалық стандартқа сәйкестендіру бағытында жұмыс істейтін боламыз. Әріптестерім бұл іске ерекше ынта танытып отыр."- деді. Ал, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің ректоры Уәлихан Бишімбаев: " Біраз проблемамыз да бар. Ол ең алдымен оқытушылардың мобилділігі. Ағылышын тілінде сабақ беру. Біздің біраз мұғалімдеріміз ағылшын тілінде сабақ бере алады. Бірақ біз бұл мәселені жаңа деңгейге көтеру қажет."- деді.
ОҚМУ-да өткен кездесу барысында екі жақ оқу бағдарламаларын бір біріне сәйкестендіру, оқытушылар мен студенттердің өзара білім және тәжірибе алмасу тұрғысындағы жәйттерді пысықтады. Сондай-ақ білім сапасын көтеру, ғылыми зерттеулер аясын кеңейту жөнінде де мәміле жасалды. Әрине бұл бағытта бірқатар қиындықтар да жоқ емес. Оның бастысы біздің елдің студенттері мен мұғалімдерінің шет тілін меңгеруі.
Қолға алынған тың жобаға сәйкес енді екі елдің студенттері жоғары оқу орнын тәмамдар кезде Ұлыбритания және Қазақстан Республикасының бакалавр дипломын алып шығатын болады.

|